Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Қайсанов Азия ойындарын қорытындылады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бас бапкер әлеуметтік желідегі парақшасында сары құрлық додасын үш қола медальмен аяқтаған балуандарға алғыс айтып, команданың алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
«Сонымен, төрт жылда бір өтетін жазғы Азия ойындарын үш қола медальмен қорытындыладық.
Бозкілемде ел намысын қорғаған балуандар нағыз қайсар мінез танытып, жеңіс үшін барын салып белдесті. Жігіттерге атқарған үлкен еңбектері мен төккен терлері үшін алғыс білдіргім келеді.
Бізге сенім артып, қолдау білдірген әрбір жанға, осы нәтиженің артында тұрған үлкен ұжымға, сондай-ақ әр белдесуде тақымын қысып, үміт артып отырған барша жанкүйерге мың да бір рақмет!
Бұл — алғашқы белес. Бағындырар шыңдар әлі алда!» — деп жазды бас бапкер.
Айта кетейік, 65 келіде Начын Куулар, 74 келіде Нұрқожа Қайпанов және 125 келіде Едіге Қасымбек Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.
