Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекия командасынан жеңіліп қалды.
Бүгін, 21 наурызда Қазақстан және Грекия құрамалары Ұлттар лигасының жартылай финалында кездесті. Афинадағы «ОПАП» стадионында өткен ойын 5:0 есебімен Грекия командасының пайдасына шешілді.
Ойын есебін 8-минутта Грекия сапынан Анастасиос Бакасетас пенальтиден ашты. Кейін оның командаластары Димитриос Пелкас, Фотис Иоаннидис, Димитрис Курбелис мергендікпен көзге түсті. Алғашқы тайм 4:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда Қазақстан құрамасының ойыншысы Еркін Тапалов автогол соғып, есепті 5:0-ге жеткізді. Осылайша, футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды.
Ал Грекия командасы 26 наурызда Грузия құрамасымен Еуро-2024 турниріне жолдаманы сарапқа салады. Сол күні Люксембург пен Қазақстан командалары жолдастық кездесу өткізеді.