15 қараша күні Алматы қаласы Алмалы ауданындағы №2 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратынан өрт шықты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жедел әрекеттің нәтижесінде өрттің көршілес нысандарға таралуына жол берілмеді. Сағат 10:25-те өрт толығымен сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының Спорт басқармасы ресми мәлімдеме жасады.
«Жаттығу процесі тоқтатылмайды. Манежде өткізіліп келген барлық жаттығулар басқа қолданыстағы спорт базаларына ауыстырылады. Барлық спортшылардың жаттығуларын жалғастыруына жағдай жасалады.
Мектеп әкімшілігі мен жаттықтырушылар ата-аналар мен спортшыларды жаттығулар өтетін орындар мен кестесі туралы хабардар етіп жатыр.
Өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептерін құзыретті органдар анықтап жатыр», — делінген басқарма мәлімдемесінде.
