Мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина ISU Гран-при сериясының төртінші кезеңінде тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
19 жастағы спортшы еркін бағдарламада үштік аксель орындады. Бұл — мәнерлеп сырғанаудағы аса күрделі элементтердің бірі. Осылайша, Самоделкина ресми халықаралық жарыста аталған секіруді орындаған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.
Техникалық мамандар үштік аксель кезінде секірудің ширек айналымға толық орындалмағанын тіркеді. Соған қарамастан, қазақстандық спортшы еркін бағдарламада 137,56 ұпай жинады.
Қысқа бағдарламадан кейін 11-орында тұрған Самоделкина жарысты жалпы 198,59 ұпаймен бесінші орынға аяқтады.
АҚШ-тағы Гран-при кезеңінің жеңімпазы жапониялық Ами Накаи болды. Ол 236,81 ұпай жинады. Күміс жүлде 213,90 ұпаймен ресейлік Александра Игнатоваға (Трусова), ал қола медаль 211,63 ұпаймен тағы бір жапониялық Рино Мацуикеге бұйырды.
Айта кетейік, Самоделкина Гран-при финалына жолдама ала алмады. Финалға жалпы есепте үздік алты нәтиже көрсеткен спортшы ғана қатысады.
