Загребте өткен дзюдодан Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы үш медаль иеленді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Отандастарымыз жарысты бір алтын және екі күміс медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев финалда бразилиялық Роналд Лиманы иппон әдісімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, тайпейлік Янг Юнг Вэйге есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Бұл — дзюдошының Гран-при турнирлеріндегі алғашқы жүлдесі.
Ал әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде италиялық әлем чемпионы Ассунта Скуттодан жеңілді. Нәтижесінде отандасымыз күміс медальға ие болды.
Сонымен қатар, Эсмигүл Куюлова (–63 кг) мен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Загреб Гран-при турнирін үздік үштікте аяқтады.
