Таеквондодан жасөспірімдер құрамасы Хорватияда өткен Zagreb Croatia Open халықаралық G1 санатындағы турнирде екі алтын жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жарыс барысында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрай Амангелді турнир жеңімпазы атанды. Финалдық кездесуде қазақстандық спортшы Хорватия өкілі Сара Рогинді жеңіп, алтын медаль иеленді.
Ал 68 келіге дейінгі салмақта Балгерім Өтеген шешуші жекпе-жекте Франция спортшысы Сейни Санеден басым түсіп, Қазақстан қоржынына екінші алтын жүлдені салды.
Сондай-ақ 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Сабина Тұртұлова финалға дейін жетті. Алайда алтын жүлде үшін өткен кездесуде Хорватия өкілі Сара Жижичке есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Загребтегі халықаралық турнирді үш медальмен аяқтады.
