Стамбулда үстел теннисінен өткен WTT Contender халықаралық турнирінде Қазақстан атынан өнер көрсететін Фан Бо ерлер арасындағы жекелей сында чемпион атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Фан Бо жарыстың 1/16 финалынан бастап қарсыластарын сенімді түрде жеңіп отырды. Ол Алжир өкілі Мехди Булуссуды, Қытай теннисшісі Чэнь Юнсонды және Чехия спортшысы Любомир Янчарикті 3:0 есебімен ұтты.
Жартылай финалда Германия өкілі Рикардо Вальтерден 3:2 есебімен басым түсті. Ал финалда Оңтүстік Корея теннисшісі Кан Дон Суды 4:1 есебімен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Осылайша, Фан Бо Қазақстан атынан WTT Contender сериясындағы турнирде чемпион атанған алғашқы спортшы болды.
Айта кетейік, қытайлық теннисші Фан Бо 2026 жылы бес жылдық үзілістен кейін спорттық мансабын қайта жалғастырды. Ол Nomad Table Tennis Academy клубының атынан өнер көрсетіп, академиядағы қазақстандық жас теннисшілерге тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Фан Бо — 2016 жылғы әлем чемпионы. Ол Қытай құрамасы сапында командалық сында алтын медаль жеңіп алса, 2015 жылғы әлем чемпионатында жекелей сында күміс жүлдегер атанған.
