Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушылармен кездесті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Олардың қатарында Азия ойындарында таеквондодан тарихи алтын сыйлаған Тамирлан Тілеулес те бар. Марапаттау рәсімінде үздіктерге 3 миллион,
2 миллион, 1,5 миллион және 1 миллион теңгелік сертификаттар табысталды.
Азия және Пара Азия ойындарының қорытындысы бойынша Алматы спортшылары 5 алтын, 13 күміс және 15 қола медаль жеңіп алған.
Марапатталғандар қатарында паравелоспорттан Пара Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Наиль Ермуханбет және спорттық құзға өрмелеуден ел тарихындағы алғашқы медаль иегері Дамир Тоқтаров бар.
Сондай-ақ дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов, жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Марал Төлепберген, шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Алуа Нұрман және спорттық жүрістен сынға түскен Ясмина Тоқсанбаева бар.
