Жапония төрінде жиырмасыншы жазғы Азия ойындары аяқталды. Құрлықтың кішігірім Олимпиадасы саналатын дода отандық спорт үшін ең маңызды бәсекелердің қатарында. Сондықтан, күншығыс еліндегі жарысқа жанкүйердің де, құзырлы органдардың да ықыласы ерекше болды. Нагоя мен Аичиде алдыңғы нәтижені аз да болса өзгерте алдық, жалпы жүлде мен алтын санында да алға жылжу бар. Бірақ әттеген-ай деген тұстар да жоқ емес. Жапониядағы жазғы ойындар несімен есте қалды? Қазақ спортшыларынан қандай ерлік күттік? Sportbugin.kz шолушысы Ақырыс Сейтқазы төртжылдық додасын қорытындылады.
Алтынмен ашылған Азиада
Осыдан үш жыл бұрын Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына журналист ретінде сапарлаудың сәті түсті. Сол кезде сары алтын бізді көп күттіріп, жарыстың төртінші күнінде ғана қоржынға түскен. Әсем Орынбай бастаған стенд атушылардың командалық сында топ жарып, қуантқаны есте. Бұл жолы алтын көп күттірмеді, Азия ойындарының алғашқы күнінде-ақ Рината Сұлтанова велоспортан жекелей сында жеңіске жетті. Ол берілген қашықтықты 36 минут 23,72 секундта жүріп өтіп, Қытай мен Оңтүстік Корея спортшыларын артта қалдырған. Ринатаның бұл жүлдесі біз үшін ерекше ыстық. Себебі, Қазақстан Азия ойындары тарихында велоспорттан әйелдер арасындағы жарыстың алтынын алғаш рет алып отыр. Одан бөлек, Сұлтанова тректегі велоспорттың «омниум» бағдарламасы бойынша күміске қол жеткізді.Тректегі велоспорттан бақ сынап жүрген Ринатаның тас жолда да топ жаруын асқан шеберлік деп білемін. Өйткені, екі түрлі дисциплинада жүлде алу екінің бірі жасайтын ерлік емес.
Бір өзінде алты алтын бар
Жапонияның тас жолынан бізге тағы екі алтын бұйырды. Екеуін де ерлер арасындағы жекелей және топтық сында бақ сынаған Алексей Луценко жеңіп алды. Бұл Алексейдің Азия ойындарында иеленген алтыншы алтыны. Ол Джакарта (2018), Ханчжоу (2023) және Аичи мен Нагоя (2026) ойындарында абсолютті чемпион атанған алғашқы шабандоз. Сондай-ақ, Луценко алтын саны бойынша бұған дейін көш бастап келген каноэші Константин Негодяевтің рекордын бұзды. Әрине, «Астана» велокомандасы сапында әлемдік гранд-турларда шыңдалған Алексейге алтыннан басқа таңдау жоқ еді. Оның ізін басып келе жатқан Евгений Федоров топтық сында күміске қол жеткізді. Осы додадан соң Луценко ұлттық құрама мен клуб сапындағы кәсіби мансабын аяқтайтынын айтты. Отандық велоспортты өрге сүйреген атлет енді бапкерлікте бақ сынап көрмек. Алексей Луценко мансабын Азиаданың алты алтынымен, абыроймен аяқтап отыр. Ендігі Азиаданың алтынын алу оның Федоров бастаған ізбасарларына аманат болмақ.
Каратэ мен ММА-ден қос алтын
Азия ойындарынан тұрақты алтын алатын бір топ спортшыларымыз бар. Олар – каратэшілер. Ханчжоу ойындарында құрама қоржынына үш алтын салып, еңсемізді көтеріп тастаған да сол каратэшілер еді. Бұл жолы екі алтынмен шектелдік, десе де, көрсеткіш – жақсы. Қазір каратэден Азия ойындарындағы салмақ дәрежелері азайды, сондықтан, барлық алтынды алу мүмкін болмасы тағы анық. Жапония төрінде жапондардың ұлттық спортынан Софья Берульцева мен Жоламан Биғабыл топ жарды. Берульцева Азиаданың екі дүркін чемпионы атанса, оралдық Жоламан Биғабыл үшін бұл мансабындағы алғашқы белестердің бірі. Сондай-ақ, биыл Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген ережесіз жекпе-жектен Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев жеңіске жетті. Олимпиадалық емес спорт түрлеріндегі бұл жетістіктер жалпы есептегі жағдайға тікелей әсер еткенін ұмытпайық.
Таеквондо мен семсерлесу: Тарихи жеңістің сәті түсті
Биылғы Азия ойындарында біз ерекше атап өтетін оқиғалар мен жеңісті сәттер аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі – таеквондо мен семсерлесуден жеңіп алған алтын жүлделер. Қазақ таеквондосы тарихындағы алғашқы Азиада жеңімпазы анықталды. Оның есімі – Тамирлан Тілеулес. Тамирлан олимпиадалық салмақ саналатын 58 келіде әлем мықтыларын жеңді. Әсіресе, әлем чемпионы, ирандық Аболфазл Зандиді сенімді жеңгені күллі жанкүйерді серпілтіп тастағаны анық. Кейін Тамирланның Азия ойындары алдында жарақатына байланысты бес ай жекпе-жекке шықпағанын білдік. Иығына ота жасатып, үлкен спортқа қайта оралған ол өз атын қазақ спортының тарихында қалдырды.
Ал шпагамен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы осыдан үш жыл бұрын Ханчжоуда кеткен есені қайтарды. Биылғы финалда Ерлік Сертай, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов мен Кирилл Проходов төрттігі Оңтүстік Корея құрамасынан басым түсті. Осылайша, араға 24 жыл салып семсерлесуден командалық жарыстың алтынына қол жеткіздік. Қызығы сол, осы маусымда біздің нояндар хет-трек жасап отыр: олар алдымен командалық сында Азия чемпионы атанса, кейін тұңғыш рет әлем біріншілігінде жеңіске жетті. Кейін бұл қатарға Азиаданың алтыны қосылды. Кирилл Проходовтың шпагамен жекелей сында күміс, Артем Саркисянның саблямен семсерлесуде қола медаль алғаны да бізді қуантатын нәтиже. Жарайсыңдар, жігіттер!
Бокстағы алтынсыз кезең артта қалды
Жапониядағы Азия ойындары бокстан Қазақстан құрамасы үшін үлкен сын болғаны анық. Себебі, былғары қолғап шеберлері 12 жылдан бері Азиада алтынынан көз жазып қалды. Соңғы рет 2014 жылғы Азия ойындарында жеті алтын жеңіп алыппыз. Содан бері құрлық додасында топ жару біздің боксшыларға арман боп қалған. Алтынсыз кезеңге Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан нүкте қойды. Айбек аса ауыр салмақта чемпион атанса, қазақ боксының жас жұлдызы Төрехан 70 келіде жеңіске жетті. Ал оның ағасы Махмұдтың еншісінде жарыстың қола жүлдесі бар.
Академиялық есу: Ешкім күтпеген жүлде
Жапониядағы жазғы Азия ойындарында біз күтпеген бір алтын медаль бар. Аталған жүлдені академиялық есуден ұлттық құрама мүшелері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіп алды. Бұл жетістікті спортшылар Түркістан облысындағы спорттық базаның ашылуымен байланыстырады. Жаңа базаның көмегі зор болғаны анық. Десе де, Яковлевтің төрт Олимпиадаға қатысқан тәжірибесін еш ұмытпау керек. Бүгінге дейін ұлттық құраманың жүгін жалғыз арқалаған Владислав Яковлев оралдық жас спортшы Иван Чернухинмен бірге елімізге тарихи жеңіс сыйлады. Бүгінге дейін академиялық есуден Азиаданың алтынын алған емеспіз. Сондықтан, қос спортшының мерейі бүкіл халықтың абыройы екеніне күмән жоқ.
Алтын саны 12-ге жетті, десе де, біздің алтынға қол созым жерде тоқтаған сәттеріміз көп. Әсіресе, дзюдодағы бес күміс өзекті өртейді. Бес күміс бір алтынға тати ма?! Азия ойындарынан соң көкейде осы сұрақ қалды. Елдос Сметов пен Абиба Әбужақыновадан алтынды көбірек күтсек, жеңіл атлеттер Аделина Земс пен Кристина Морозованың күмісі керісінше алтындай бағалы көрінеді. Милад Каримидің спорттық гимнастикадан алтынға таласатын деңгейде, Эльмира Сыздықованың талай жылғы тәжірибесі де чемпиондық атаққа жетелеуі тиіс еді. Алексей Чуркин 173 келіні жұлқа көтеріп, әлем рекордын орнатқанда, алтын қолда тұрғандай көрінген. Алайда, біріне бақ, біріне бап, енді біріне жай ғана сәттілік жетіспеді.
Азия ойындарында командалық спорт түрлерінен бір ғана медаль еншіледік. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы финалда жеңіліп, күмісті қанағат тұтты. Волейбол мен гандбол сынды ұжымдық спорт түрлерінен бұрынғы нәтижелердің төмендеп кеткені қынжылтады. Алдағы олимпиадалық циклде командалық спорт түрлерін дамытуға ерекше ден қойылады деген үміт бар.
