Михаил Шайдоровтың Милан Олимпиадасындағы жеңісінен соң, спорттық гимнастика өкілі, Париж Олимпиадасының жүлдегері Нариман Курбановтың оқиғасы есіме түсті. Осы орайда, сол естелік пен ұқсастықты Sportbugin.kz оқырмандарына жариялап отырмын.
Миша журналистерге берген сұхбатында бес квад жасауға үш рет ұмтылғанын, бірақ жаттығу барысында бірде-бірі сәтті шықпағанын айтты. Ал Милан айдынында, қалың көрерменнің алдында, Олимпиаданың ең шешуші сәтінде бес квадтың бесеуі де сәтті орындалды!
Ойланып қараңызшы! Жаттығуда шықпаған элементтің Олимпиада финалында мінсіз орындалуы ғажап қой. Әдетте, керісінше болуы керек сияқты. Жаттығуда бәрі ойдағыдай, ал жарыс кезінде қобалжу басып, қателік жібересің. Ал Миша дәл ең жауапты сәтте жинала білді. Бүкіл әлемнің назары өзіне ауған кезде, өз мүмкіндігін толық көрсетті. Спортшының шын мықтылығы да осындай сәттерде байқалатын шығар.
Осы орайда, гимнаст Нариман Құрбановтың Париж Олимпиадасында айтқан әңгімесі есіме түсті.
Нариман маусым бойы аттан секіріп түсетін сәтінен (соскок) қате жіберіп жүрді. Тіпті, Олимпиадаға жолдама берген әлем кубогы кезеңінде де осы элементтен сүрінген. Бас бапкері қатты ашуланып, мұны жүйелі қателік деп бағалап, спортшы мен жеке бапкерін кінәлаған еді. Қызығы сол, Олимпиада финалы болатын күнгі жаттығуда да Нариман дәл осы элементті дұрыс орындай алмай, тағы да қателесті. Яғни, шешуші жарыс алдында да сол бір мәселе қайталанды. Мұндай жағдайда спортшының көңіліне күдік ұялап, сеніміне сызат түсуі әбден мүмкін ғой.
Алайда, ақтық сында бәрі басқаша болды. Нариман сол элементті мінсіз орындап, жерге нық түсті! Мұны сол залда отырып, өз көзіммен тамашаладым. Бір сәттік қимыл, бірнеше секундтық әрекет, бірақ оның артында қаншама жылдық еңбек пен жүйке жатқаны айтпаса да түсінікті.
Енді қараңызшы, Михаил мен Нариманның оқиғасында қандай ұқсастық бар! Екеуі де жаттығудағы сәтсіздікті шешуші сәтте жеңе білді. Екеуі де өзіне артылған жауапкершілікті көтере алды. Екеуі де ең маңызды сәтте шашылып қалмай, керісінше, жинақтала түсті.
Мүмкін, ең қиын сәтте өзіңді қолға алуды, шашылып қалған шақта қайта құрала білуді осы спортшылардан үйрену керек шығар?! Өйткені бүкіл әлем алдында мінсіз өнер көрсету үшін жай ғана талантты болу жеткіліксіз. Ол үшін мықты мінез, темірдей тәртіп, өзіңе деген сенім керек. Тіпті, кейде өзіңді өзің жеңуің қажет.
Біз спортшының мұзға шыққан бес минутын немесе гимнасттың бірнеше секундтық өнерін ғана көреміз. Ал сол сәттің артында қаншама жылдық еңбек, көз жасы, сәтсіздік, қаржылық қиындық, жарақат, күмән мен қайта тұру бар. Жеңіс тұғырына шыққанда соның бәрі бір сәтке ұмытылғандай болады. Бірақ дәл сол қиындықтар чемпионды қалыптастырады.
Михаилдың алтыны бізге тағы бір нәрсені түсіндірді: үлкен жеңіске жету үшін міндетті түрде үлкен спорттық империяның өкілі болу шарт емес. Ең бастысы – талантты дер кезінде байқап, оған мүмкіндік беру, бапкеріне жағдай жасау, спортшының жолын ашу. Бір Миша шықты екен деп, енді бәрі өздігінен жалғасып кетеді деп ойламауымыз керек. Осы алтынды кездейсоқ жетістік емес, жаңа дәстүрдің бастауы етуіміз қажет.
Ал бүгінше, артық сөздің қажеті жоқ сияқты.
