22 наурыз күні Мәскеу маңында болған қанды террактіде 15 жастағы Ислам Халилов жүзден аса адамды ажалдан құтқарып қалған. Үлкен ерлік жасаған жасөспірімге «Спартак» клубының ойыншылары құрмет көрсетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Дағыстандық Ислам Халилов 8-сыныпта оқиды. 22 наурыз күні терракт болған «Крокус Холл Сити» кешенінде гардеробшы болып жұмыс істеген.
Террористер концертке келген қарапайым халыққа оқ жаудыра бастағанын естіген ол бірден іске көшеді. Ол кешен қызметкерлері ғана білетін қосымша есіктер арқылы жүздеген адамды сыртқа алып шыққан. Оқушы жарты сағат бойы адамдарды құтқарғанын айтады.
«Жас жігіт «Спартак» жанкүйері екен әрі футболды да жақсы ойнайды. Бала кезінен біздің команда ойыншыларымен кездесуді армандаған. Біз оны стадионымызға шақырып, футболшылармен таныстырып, ерлігі үшін алғыс айттық. Сондай-ақ, Исламға аты жазылған жейде табыстап, сыйлықтар мен жылдық абономемент сыйладық. Осындай жанкүйерлермен мақтанамыз», делінген клубтың желідегі ресми парақшасында.
«Крокус Сити Холл» кешеніндегі қанды терактіден 133 адам қайтыс болды.