Жақында күрес түрлерінен Қазақстан Спартакиадасында топ жарған ақтөбелік балуандарға жерлес ағалары он бас жылқыдан тарту еткені туралы жаңалық шықты. Ел намысын қорғап жүрген спортшыларға мұндай құрмет артық болмайтыны анық. Бірақ облыстық күрес федерациясының вице-президенті айтқан хабарландыру бізді ойлантып тастады, деп жазады Sportbugin.kz.
Облыстық күрес федерациясының вице-президенті Данияр Ғалиханов Олимпиадаға лицензия жеңіп алған ақтөбелік спортшыларға жеңіл көлік мінгізетінін айтыпты.
Тағы да сол, балуанға қандай құрмет те жарасады. Бірақ Ақтөбе өңіріндегі спорттың халі мүшкіл екенін білеміз. Басқалар Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлде алған спортшыларымен мақтануда.
Ал ақтөбеліктер үшін аймақтағы спортшылардың Олимпиадаға барғанының өзі үлкен жетістік болып тұр. Әйтпесе, бүгінге дейін төртжылдық додасына жолдама алғаны үшін ғана қымбат сый алған спортшыларды естімеппіз.
Расында, соңғы жылдары жалғыз Ақтөбе емес, Қазақстан спортының жағдайы нашарлап кеткені айтпаса да түсінікті. Бірақ жалпы командалық есепте де батыстағы ең беделді қаланың өкілдері жақсы нәтижемен қуантқан емес.
Мысалы, талай жыл бойы Ақтөбенің атынан сынға түскен Нұрислам Санаев (Артас Сана — ред.) Ресейден келген легионер. Санаевтың Токио Олимпиадасына қола, әлем чемпионатында күміс алғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ ол біздің өнім емес, Ресейдің күрес мектебінен келген легионер. Ол бірнеше цикл бойы еліміздегі олимпиадалық салмақтың тізгінін ешкімге, атап айтсақ, жергілікті балуандарға берген жоқ.
Бүгінде Ақтөбенің атынан жарысқа қатысып жүрген ұлттық құрама мүшесі Юсуп Батырмұрзаев та — легионер. Дағыстанда туған Юсуп 2013 жылы Ақтөбеге ауысып келді де, содан бері ұлттық құрама сапында Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына қатысып, Азия чемпионы атанды. Бір қызығы, оның да күрестегі қадамы Дағыстанда басталған.
Күрестен Ақтөбенің өз өкілдері де жоқ емес. Бірақ олар мүлде аз. Грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов қазір айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген жоқ, ал Мейрамбек Қартбай былтырғы әлем чемпионатында еркін күрестен жартылай финалға дейін жетті.
Халықаралық жарыстарды былай қойғанда, Қазақстанның ішкі чемпионаттарында ақтөбелік спортшылардың топ жарған кезі сирек.
Былтыр бірде-бір ақтөбелік спортшы әлем чемпионаттарында жүлде алмаған. Ал Азия ойындарында каратэші Нұрқанат Әжіқановтың алтыны ғана команданы құтқарыпты. Каратэнің де олимпиадалық спорт түріне жатпайтынын ұмытпаңыздар.
Ендеше, Ақтөбедегі спорт басшыларының жолдама алған балуанға жеңіл көлік уәде ететін жөні бар екен. «Бәйге берем, жығылған балуанға да», -деген Төлеген Айбергеновтің өлеңі еріксіз еске түседі… Әзірге, мұндағы басшылар бірді-екілі легионерге үміт артуда, қалған спортшылары ел чемпионатында да алтын алуға қауқарсыз…