Кәсіби бокстан Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланда Лара арасында жоспарланған жекпе-жек өтпейді. Бұған қазақ боксшысының сынамасынан тыйым салынған заттың табылуы себеп болды. Осы орайда, ұзақ жылдар бойы Америкада жаттығып, кәсіби бокстың қыр-сырына қаныққан сарапшы Айдар Шәрібаев өз пікірін бөлісті, деп жазады Sportbugin.kz.
«Осы ортада жүрген соң, көп жайттың сырын білеміз. Көпшілік Американы әділдіктің шыңы деп ойлайды. Негізі, ол жақта да шайдың үстінде көп нәрсе шешіле береді. Соны ұмытпайық. Көптеген әлем чемпиондары да мұндайға ұрынған. Жекпе-жек алдында біреуінің сынамасын тексеріп, екінші жаққа мүлде тиіспеуі мүмкін.
Егер сен боксшы ретінде сол жекпе-жекке пайдалырақ болса, сенің көп нәрсеңе көз жұма қарайды. Кәсіби бокс дегеніміз – қып-қызыл бизнес. Сол бизнеске аса пайдаң болмаса, көрермендерің аз, сен арқылы келетін ақша аз болса, сенен кінәрат табу түк те қиын емес. Он жерден таза болсаң да, бірдеңе шығарады.
Допинг қайдан түсті деген ой бәрімізді мазалайды. Тамақтан келді ме, судан келді ме, кім біледі? Чемпиондардың көбісі үнемі бір жерден тамақтанбайды, әртүрлі кафелерден тапсырыс береді. Жаман ойлы адамдардың әрекеті ме екен? Мұндай құйтырқылықтар кәсіби бокста баяғы заманда да жасалған.
Жәнібек кәсіби бокста қанша уақыт жүрсе де, TOP Rank әлі күнге дейін біздің боксшымызды дұрыс насихаттап жатқан жоқ. Жәнібектің өзі де көрермен тартатындай шоу элементтерін қосу керек еді. Меніңше, оның командасына пиарға қатысты өзгеріс керек. Стратегиялық көзқарастарын қайта қарар, мүмкін?! Өйткені, бір жекпе-жекте салмақ қуа алмай қалды, екіншісінде допингке күдіктеліп жатыр. Енді үшінші жекпе-жек бола ма? Әлімханұлы артқа кетіп жатыр, оның үлкен кездесулерге шығу мүмкіндігі де азаяды.
Бір жағынан, сыныққа сылтау іздеп, Жәнібекті ойыннан шығарудың амалы ма деген ойым да бар. Қазір орта салмақта Хамза Шираз жақсы келе жатыр. Оған бірден-бір қауіп төндіретін боксшы – біздің Жәнібек еді. Мүмкін, соның алдын алды ма?
Сұрақ көп, жауап нұсқалары да әртүрлі. Не десек те, бұл жағдай Жәнібек Әлімханұлының беделіне қатты нұқсан келтірді», — дейді Шәрібаев.
