7-14 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жасөспірімдер арасындағы параазия ойындары өтеді. Аталған додада ақтөбелік үш атлет бақ сынайды, деп жазады Sportbugin.kz.
Атап айтар болсақ, Қазақстан құрамасының сапында төмендегі ақтөбелік спортшылар ел намысын қорғайды:
- Асан Аслан (пара жеңіл атлетика)
- Әсия Мұрзағалиева (пара жүзу)
- Мелена Азикинаа (пара пауэрлифтинг)
Асан Аслан пара жеңіл атлетикадан үш дистанция бойынша жарыс жолына шығады. Ол 400 және 1500 метрге жүгіруден және ұзындыққа секіруден жүлдеге таласып көрмекші.
Спортшының жеке бапкері Қаржау Тінеевтің айтуынша, бұл Асанның спортшылық мансабындағы алғашқы ірі додасы.
«Асанның пара жеңіл атлетикамен айналысқанына алты ай ғана болды. Ол осы уақыт аралығында өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгерді. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында өзі бақ сынайтын үш дисциплинада чемпион атанды. Ал ел Спартакиадасында екі алтын, бір күміс жеңіп алды. Бұл дода Асан үшін үлкен тәжірибе болары сөзсіз. Осындай жарыстар арқылы ол одан әрі ысылып, тәжірибесін шыңдайды», — дейді бапкер.
Әсия Мұрзағалиева пара жүзу спорты бойынша 100 және 200 метр қашықтыққа жарысудан сынға түседі. Ал Мелена Азикина пара пауэрлифтингтен 61 келі салмақта бақ сынайды.
