Ақтөбелік спортшы Медет Тельманов өз мансабында алғаш рет Сурдлимпиада ойындарында бақ сынап, жүзуден Қазақстан құрамасы сапында эстафетадан алғашқы алтылыққа енді. Бұл ақтөбелік жас спортшының тырнақалды табыстарының бірі. Қазақстан командасының жаттықтырушысы Екатерина Боброва Медеттің жетістігін ерекше бағалап отыр, деп жазады Sportbugin.kz.
Медеттің жүзуге қатысқанына алты жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында ол еңбекқорлығымен және шеберлігімен көзге түсіп, алғаш рет Токиодағы (Жапония) Сурдлимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін алды.
Спортшының Токио Сурдлимпиадасындағы ең жоғарғы нәтижесі – 200 метрге еркін әдіспен жүзуден командалық эстафетадағы 6-орын.
«Медет Тельманов өзі қатысқан алғашқы ірі ойындарда керемет нәтиже көрсетті деп айта аламын. Әсіресе, еркін әдіспен жүзуден командалық эстафетада бізді ұятқа қалдырған жоқ. Сол сында біз алтыншы орын иелендік. Бұл қазақстандық жүзгіштер үшін жақсы көрсеткіш», — дейді бапкер Боброва.
Жапония астанасында ақтөбелік жүзгіш 50 және 100 метрге еркін және баттерфляй әдістерімен жүзуден, 100 метрге шалқалай жүзуден, эстафета және кешенді жүзуден сынға түсті.
«Көңіл қуантарлық бір жайт бар. Токио Сурдлимпиадасында Медет Тельманов 50 және 100 метрге еркін әдіспен жүзуден өзінің рекордын жаңартты. Әлем көз тіккен жарыста аянып қалған жоқ, нәтижесін жақсартып, мықтылармен иық тірестіре білді. Медеттің болашағына үмітпен қараймыз», — дейді Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Екатерина Боброва.
Токиодағы жазғы Сурдлимпиада ойындары 18-25 қараша аралығында өтті. Аталған сында Қазақстан командасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медальмен жалпы есепте 9-орынға табан тіреді.
