Алматы облысында бокстан еңбек ардагері Амангелді Бектасовты еске алуға арналған тұңғыш республикалық ашық турнир мәресіне жетті. 200-ге жуық боксшының басын қосқан бәсекеде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтады. Жасөспірімдер арасында 15 салмақ дәрежесінде өткен дүбірлі додаға халықаралық және республикалық деңгейдегі төрешілер қазылық етті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылған бәсеке бокстан спорт шебері, еңбек ардагері Амангелді Бектасовтың атын ұлықтауға және болашақ чемпиондарды қолдап, жасөспірімдерге жол көрсету мақсатында өтті. Бокс еліміздегі ең танымал спорт түрі болғандықтан, шаршы алаңдағы айқастарға қызықпайтын жан жоқ. Ал жас боксшылардың тартысты кездесулері кешенге жиналған жанкүйерлер назарын бірден аударды.
Төрт күнге созылған турнир қорытындысы бойынша төмендегі боксшылар жеңіске жетті:
42 келі: Ерасыл Мәуліт (Алматы облысы Қарасай ауданы)
44 келі: Одина Сафарализада (Тәжікстан)
46 келі: Алан Шакиров (Қырғызстан)
48 келі: Тамирлан Сман (Алматы облысы)
50 келі: Бекарыс Сәбитов (Алматы облысы)
52 келі: Нұрмұхаммед Сағынтай (Қарасай ауданы)
54 келі: Дінмұхаммед Медеубеу (Алматы облысы)
57 келі: Амиршон Надиров (Тәжікстан)
60 келі: Ильхам Иманжанов (Алматы)
63 келі: Бахыт Мавленбеков (Өзбекстан)
66 келі: Абдурахим Шарипов (Тәжікстан)
70 келі: Жайық Мүслім (Алматы облысы)
75 келі: Ерасыл Рыскелді (Алматы)
80 келі: Амир Оспанов (Қарасай ауданы)
+ 80 келі: Нұрдәулет Сәкен (Алматы облысы)
Сондай-ақ, 50 келі салмақта топ жарған Бекарыс Сәбитов турнирдің үздік боксшысы атанып, қосымша бағалы марапатқа ие болды.
Турнирдің бас ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасовтың айтуынша, бұл бәсеке дәстүрлі турнирге айналып, күнтізбелік жарыстар қатарына қосылады.
«Төрт күн бойы біз екі жүзге жуық боксшының тартысты, әдемі айқастарына куә болдық. Төрешілер шын мықтыны анықтап, чемпиондық белбеу мен жүлделерін табыстадық. Бұйырса, бұл бәсекені дәстүрлі турнирге айналдыратын жоспарымыз бар. Әкеміз азғантай ғұмыр кешсе де, қазақ боксының шын шебері, шынайы жанкүйері болған. Сол кісінің арманы – қазақ боксшыларын биіктен көру еді. Біз енді сол арманды жалғап, қазақ балаларының бокстан әлем, Олимпиада чемпионы болуына қолдан келгенше үлес қосқымыз келеді», — дейді Жеңіс Амангелдіұлы.
Айта кетелік, Амангелді Бектасовты еске алуға арналған республикалық ашық турнир 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтті.
