Наурыз орталаған тұста еркін күрестен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, жасөспірімдер арасындағы Азия және әлем чемпионатының жүлдегері Қуатбек Мұхамбеттің өмірден өткені туралы суық хабар жетті. Төрткүл дүние төрінде қазақтың көк туын желбіреткен жас балуан өз елінде емес, алыс Америкада бақилық болыпты.
Қаралы хабар барша күрес жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырып кетті. Қуатбектің елдегі достары мен елшілік қызметкерлері араласып, марқұмның денесі туған жеріне жеткізілді. Осы аптада 27 жастағы балуан жер қойнына тапсырылды.
Әлемдік деңгейде күресетін балуанымыз Америкаға неге кетті? Жасөспірімдер Олимпиадасының алтыны Қуатбектің жоғары деңгейге көтерілуіне неге әсер етпеді? Талантты балуанды жоғалтып алуымызға не себеп? Sportbugin.kz тілшісі бақилық болған Қуатбек Мұхамбеттің жеке бапкері Асқар Бақбергеновпен тілдесіп, мән-жайды анықтады.
Ақкөңіл, намысшыл бала еді…
Асқар Бақбергенов Қуатбекті 20 жасында жасөспірімдер Олимпиадасының шыңына шығарған бапкер. Ол балуанды мектеп кезінен тәрбиелеп, жақсы нәтиже көрсетуіне себепкер болған.
«Қуатбектің қазасы бәрімізді сенделтіп жіберді. Жап-жақсы жігіт еді. Түркістан облысы Төле би ауданындағы Мәдени деген кішкентай ауылдан шыққан. Оны 20 келіде күресіп жүрген кезінен білемін. Ақкөңіл, намысшыл еді, кез келген адаммен тіл табысып кететін. Жігітке тән бұзықтығы да болды. Бірақ әрдайым өз орнын білетін.
Қуатбек Шымкенттегі мектеп-интернатқа түскісі келді. Бірақ мұнда сегізінші сыныптан бастап қабылдайды екен. Сол кезде мені Қарағандыдағы жоғары спорттық шеберлік мектебіне бапкерлікке шақырған.Қарағандыға ауысатынымды естігенде, ол да менімен бірге кететінін айтты. Осылайша, 8-сыныптан бастап сол жақта болдық. 11-сыныпқа дейін тынымсыз еңбектендік. Бұл кездері айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Есесіне, 2014 жылдан бастап спорттық мансабы тәп-тәуір басталды. 54 келіде жасөспірімдер арасында Азия чемпионы болды, Словакияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде 58 келіде қола жүлдегер атанды. 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды. Бәрі жақсы келе жатқан…», — деп еске алды балуанның бапкері.
Басшылар айлығын бермей қойды
2015 жылы Қуатбек Мұхамбетті Шымкент қаласының атынан күресуге шақырады. Бұл жағдай оның спорттағы мансабын түбегейлі өзгертті.
«Бізде чемпион болған спортшыларды бәрі қаумалай бастайды ғой. Алтынға жетер жолдың қалай өткені ешкімге қызық емес. Есесіне, әлемдік жарыстан чемпион болып келген балаға бәрі таласады. Қуатбекті 2015 жылы Шымкентке шақырды. Мен барынша қарсы болдым. Бірақ ата-анасы да алыс Қарағандыдан гөрі Шымкентті қолайлайтын. Оның үстіне, мұндағы спорт саласының басшылары жақсы жалақы беретінін, пәтер сыйлайтынын айтты. Шынымен де, 250 мың жалақы ол кезде жақсы табыс еді. Сөйтіп, Қуатбек елге кетті. Шымкенттегі спорт басшылары оған төрт ай бойы жалақы төледі. Кейін ол жеңіле бастаған соң, айлық бермей қойды. Пәтер мәселесі де ұзаққа созылып кетті.
«Сенің Олимпиададағы нәтижең Қарағанды облысының есебіне жазылды», — деген әңгімелер басталды. Сол кезде күйінген Қуатбек: «Мен тек Қарағандыға емес, бүкіл Қазақстанға әкелдім ғой алтынды», — деп айтқаны бар. Ұзын сөздің қысқасы – балуанның айлығы тоқтады, пәтер берілмеді, нәтижесі де құлдырай бастады. Бүйрегі сыр беріп, салмақ қуу қиындап кетті. Кезінде өзі оңай жеңетін балуандардан ұтыла бастады. Өзінен жасы кіші жігіттерге есе жіберді. Мұның бәрі оның спорттық мансабының құлдырауына тікелей әсер етті. Бір жылдан кейін Қарағандыға қайта келуді ойлап жүрген. Бірақ 2018 жылы АҚШ-қа бес жылдық виза аштырып, сол жаққа жұмыс істеуге кетіп қалды.
Егер бізде нәтиже көрсеткен спортшыларды бағалап, оларға жақсы жалақы төлеп, жағдайын жасаса, мұндай оқиға болмас па еді?!», — дейді ол.
Балуанның жанына ешкім үңілмейді…
Асқар Бақбергеновтің айтуынша, әр балуаннның өмірінде жеке бапкері үлкен роль атқарады. Себебі, спортшыны өзінің жаттықтырушысынан артық ешкім түсінген емес.
«20 жастан асқан соң спортшылар өзінің ұсақ-түйек проблемасын ұлттық құраманың бас бапкеріне айта бермейді. Оның ішкі жан-дүниесі мен қыр-сырын тек жеке бапкері ғана біледі. «Ағай, ішім ауырып тұр немесе менде депрессия болып жатыр. Басым ауырады, балтырым сыздайды», — деп бас бапкерге ешкім жыламайды ғой. Бас бапкер – ол бүкіл команданы реттеп жүретін адам. Ал спортшының жеке жағдайын өзінің жаттықтырушысы ғана түсінеді. Міне, өкініштісі сол, жеке бапкерлер көп еленбейді. Балуаннан ажырап қалған соң, нәтиже де құлдырайды.
Мысалы, Қуатбектің қандай екенін мен бес саусағымдай білемін. Оның мұрны ауырады, гайморит диагнозы бар. Астананың көктемгі салқынына бірден суықтап қалатын. Аздап жүрегіне де күш түседі. Мұның бәрі маған аян. Ал басқалар, басшылар бұған үңіле бермейді. Себебі, оларға тек нәтиже керек. Әлі есімде, Шымкент атынан күресіп жүргенде көрсеткіші құлдырай берді. Ұтылады, себебін ешкім білмейді. Сол кезде оған: «Мүмкін, сен кальян шегіп алған шығарсың, неге дем жетпей қалды?», — деп ұрсыпты. Балуанның жағдайына алаңдаған кім бар, айтыңызшы?! Оны нағыз бабына енгенде мен жай ғана серуендеткізіп қоямын. Осындай нәрселердің талайы бар. Ешкім оның жанына тереңдей алмады», — дейді Асқар Бақбергенов.
Күнкөріс үшін кетті
Қуатбектің АҚШ-та неден қаза болғаны жайлы ойлар жеке бапкеріне де маза бермейді. Асқар Бақбергенов спортшының елден кетуіне не себеп болғанын да айтты.
«2018 жылы виза алғанын айттым. Хабарласып тұратын. Бір рет елге де келіп кетті. АҚШ-қа неге кетті? Күнкөріс үшін кетті. Нәтиже құлдыраған соң, ешкім ақша төлемейді. Сол кезде Қазақстан чемпионының айлығы 150 мың теңге еді. Оған кім жан баға алады? Егер спортшы үйленетін болса, бала-шаға, әйелі, басқа да проблемалары шығады. Азғантай ақшамен отбасын асырау оңай емес. Шетелге кетуіне де сол ақшаның аздығы себеп болды. Америкада қара жұмыс істеді. Жүк тасушы болды, жүк көліктерінің тұрағында күзетші болды. АҚШ-қа жұмысқа кеткен отандық балуандар өте көп. Бір айда 2-3 миллион теңге табатынына қызықты бәрі.
Алғашқы үштікте жүрген, әлеуеті мықты, талантты деген талай балуан кетіп қалды. Америкадағы жұмыстың жарнамасы да желдей есіп тұр ғой қазір. «Мұнда мексикалықтар мен африкалықтар көп. Кейде жұмысты солар алып қояды. Кейде бірлесіп істейміз», — дегені есімде қалған. Қуатбектің қазасын естігенде, мүмкін, солармен төбелесті ме деген ой келді. Бірақ жаназасына бардым. Жуындырғанда ешқандай зорлық белгілері болмаған. Жүрегі тоқтап қалғанына сендім. Ол түнімен, ұйықтамай да жұмыс істейтін. Сондай кезде энергетикалық сусынды көп ішті ме деген ой қылаң береді. Әйтпесе, тепсе темір үзетін жігіт қой…», — деді Асқар бапкер.
Осы орайда, Асқар Бақбергенов Америкада жүрген тағы бір отандық балуанның оқиғасын айтып берді.
«Хусейн Муцольгов деген грек-рим күресінің шебері бар. Ол ұлттық құрама мүшесі, өз салмағының көшбасшысы еді. Бірде жарақат алып, соны емдейтін қаражат таба алмады. Дәрі-дәрмегінің ақшасын да ешкім тауып берген жоқ. Әйтпесе, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіт қой. Міне, сол Хусейн де қазір АҚШ-та жүр. Ағасы емделуге шақырып, кейін жұмысқа қалып қойды. Талантты жігіттер қазір осылай кетіп жатыр», — дейді ол.
Спорттан кетіп қалдым…
Бүгінде Асқар Бақбергенов те спорт саласынан түбегейлі кеткен. Оған жалақының аздығы мен бапкер еңбегінің еленбеуі себеп болыпты.
«Күрестен Қазақстан чемпионын шығару үшін кемінде бес жыл керек. Егер осы уақытта сен ел чемпионын шығарсаң, үлкен жетістік. Ал әлем чемпионын дайындау үшін он жыл уақыт керек. Сен ол баламен бірге жүресің, тұрасың, күлсе — күлесің, жыласа – жылайсың. 2014 жылы мен қатардағы бапкер бола тұра, жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазын тәрбиеледім. Аға бапкер де емеспін, қатардағы бапкер… Бірақ бұл еңбек еленбейді. Бас құрамаға шақыру, ең болмаса кеңесші қылу деген нәрсе жоқ мүлде.
Ризабек Айтмұханды алайықшы. Оны өзінің әкесі Қанаттан бөлек, Еркебұлан, Ролан Кешубаев сынды жаттықтырушылар да дайындады. Кішкентайынан қасында болды, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы деңгейіне жеткізді. Қаншама қаражат, қаншама күш кетті. Қазір сол Ризабекке 15 мың доллар ғана берді. Ал оны дайындау үшін жылдарды қоспағанда, кем дегенде 30 мың доллар кетті ғой?! Әлем чемпионы болған соң, оны Астана қаласының атынан күресуге шақырып алды. Бұрынғы бапкерлерінің еңбегі әдеттегідей тасада қалды. Мұндай мысалдар көп.
Өзім де 20 жыл бапкерлікте жүріп, қазір өз кәсібіммен кеттім. Күресте жүріп бір жылда алатын айлықты қазір 3-4 айда табамын. Есесіне, ұйқым тыныш, нәтиже де алаңдап, шарқ ұрмаймын. Қазір бапкерлердің бәрінде қосымша жұмыс бар. Біреуі бос уақытында такси жүргізеді, біреуі дөнер сататын дүңгіршек ашқан. Себебі, жаттықтырушының айлығы аз! Ал қосымша жұмысқа алаңдаған адам жарытып чемпион дайындамайды», — деді ол сөз соңында.