«Бексұлтан – Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы еді. Әке-шешесінің бес қыздан соң көрген егіз ұлының бірі-тін.
Сыңары Ерсұлтан екеуі еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат атанып, жарыстарда көзге түсіп жүрді. Болашағынан ел үміт күткен оғлан еді. Әке-шешесінің айтуынша, ол жоғары сынып оқушыларының бірінің оқыс соққысынан қаза тапқан. Оны дәл сол кезде Бексұлтанның қасында болған сыңары Ерсұлтан растап отыр. Қазір қылмыстық іс қозғалды.
Ерсұлтанның айтуынша, әлімжеттік бұрын да жасалып келген. Соңғы «разборка» палуандар күресетін кілемнің дұрыс жиналмауынан болған. Жоғары класта оқитындар бұған 8-сыныптың 10 баласын кінәлі деп тапқан. Соңы өліммен аяқталды…
Меніңше, бұл мәселе індете зерттелуі керек. Сосын бұл – осы мектеп-интернаттағы ғана жағдай емес екені мәлім. Мектепте түрменің, көшенің тәртібін орнықтыруға болмайды. Сосын бар мәселені жасырмаған абзал. Жасырған дүние бір күні күбірткі секілді жарылады. Міне, жарылды…
Аталған мектеп-интернат талай спорт саңлағын тәрбиелеп шығарған орын. Ол – үлгілі оқу ордасы болуға тиіс еді. «Тәртіп болмаған жерде білім қалай болады…» – деп еңірейді егіздердің анасы Зоя. Рас қой…
Құзырлы органдар бұл мәселені аяғына дейін жеткізеді деп сенеміз», — деп жазды Бабажанұлы.