2024 жылдың 21-27 сәуір аралығында Қызылорда қаласының атшабарында өткен көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл дүбірлі додаға Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Қарулы күштері орталық армия спорт (ЦСКА) клубы және Астана, Шымкент қаласының командалары қатысты.
Көкпар ойындары арасындағы бір күндік үзілісте 25 сәуір күні көкпардан жекпе-жек аттары бойынша Қазақстан Республикасының алғашқы чемпионаты өткенін де айта кеткен жөн. Жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмеген Шымкент қаласының тұлпары «Жебе» болып, шабандоз Елдар Жарылқап 1 000 000 теңге жүлде иеленді.
27 сәуірге белгіленген ақтық кездесудің алдында Қостанай мен Түркістан облыстарының құрамалары 3-орын үшін таласты. Өте тартысты өткен ойында қостанайлық командаға сәл ғана сәттілік жетіспей, 1 ғана салым айырмасымен Түркістанның пайдасына 6:7 болып аяқталды. Ақтық сында Жамбыл облысының құрамасы мен Алматы облысының құрамасы кездесті. 40 минутқа созылған бұл кездесу 7:1 есебімен жамбылдық «Әулие атаның» пайдасына шешілді. Ойынның басты жұлдызы үш салым салған Құрманбек Тұрғанбек болды.
Осылайша Жамбыл облысы Қазақстан Республикасының 14 дүркін чемпионы атанып 7 000 000 тг сыйақы алды. Күмісті місе тұтқан Алматы облысына 5 000 000 тг, қоланы мойнына ілген Түркістан облысына 3 000 000 тг, ал екінші үшінші орын Қостанай облысына 1 500 000 тг жүлде берілді.