Күрес түрлерінен Стамбулда өтетін соңғы іріктеу турниріне қатысатын қазақ балуандары анықталды. Еркін күрестен 3, грек-рим күресінен 2, әйелдер күресінен 6 спортшымыз Парижге баратын соңғы мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Осы орайда, бапкерлердің таңдауы түскен кейбір салмақтарға талдау жасағанды жөн көрдік, деп жазады Sportbugin.kz.
Еркін күрестен 57, 65 және 74 келіде жолдама жоқ. Аталған салмақтарда енді Рахат Қалжан, Адлан Асқаров және Нұрғожа Қайпанов лицензияға таласады.
Шыны керек, аталған үш салмақта да қазақ балуандарының әлемдік деңгейдегі қарсыластарына тісі бата бермейді. Ұзақ жылдар бойы 65 келінің тізгінін бермеген Дәулет Ниязбековке ғана айтар сынымыз жоқ. Әлем мықтыларына біздің Дәулет қана тойтарыс беріп келді. Оның өзіне Олимпиада медалі бұйырмай қойды.
Ал қазіргі таңда аталған үш салмақтағы жағдайымыз қиын. Соған қарамастан, бапкерлер таңдауына талас туатынын да жасырмаймыз.
57 келі салмақтағы алғашқы мүмкіндік Мейрамбек Қартбайға берілді. Белградтағы әлем чемпионатында ол жартылай финалға дейін жетті. Бірақ оған қола медаль да, Парижге жолдама да бұйырған жоқ. Лицензия үшін күресте Мейрамбек әйгілі балуан, Олимпиада және әлем чемпионы Заур Угуевке есе жіберді. Десе де, тап осы әлем чемпионатында Мейрамбек өз салмағындағы мықтылармен айқаса алатынын көрсетті.
Бішкектегі лицензиялық турнирге Қартбай тиісінше қатыспады. Есесіне, Азия чемпионатындағы алғашқы қола медалін еншіледі.
Ал Стамбулдағы соңғы жарысқа аттанатын Рахат Қалжанның Мейрамбекке қарағанда жетістігі көп болғанымен, соңғы жылдары ол жақсы күресімен көзге түсіп жүрген жоқ. Қазақстан чемпионатының финалында да жеңілді. Бапкерлер Яшар Догу турниріндегі нәтижені есепке алғанын айтады. Бірақ сол сында да Рахат жүлдеге іліге алған жоқ. Мүмкін, Азия чемпионатынан кейін бабында тұрған Мейрамбекке бір мүмкіндік беру керек пе еді?!
65 келідегі Адлан Асқаровқа қатысты да айтарымыз сол. Адлан 57 және 61 келіде құрлықтық додалар мен жас санатына байланысты әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Алайда, жаңа олимпиадалық салмақ Адланға әлі де бағынар емес. Ал Бішкекте күрескен Маис Алиевтің аяқ алысы көптеген жанкүйерден бөлек, күрес мамандарына да ұнаған еді. Команданың бұрынғы бас бапкері Әсет Серікбаев та Алиевтің жастығына қарамастан, жақсы өнер көрсеткенін айтады. Бірақ қазіргі бапкерлер құрамы Маисты қатардан ерте шығарып тастады.
Грек-рим күресіндегі жағдай да солай. 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет дәл қазір еліміздің ең үздік балуаны. Ол — факт. Мейіржанның бір жылдан аса кілемнен сырт қалғаны біраз кедергі болып жатқаны анық. Әйтпесе, Азия ойындарында чемпион атанып, Бішкекте де жолдама алатын жігіт. Талай әлем және Олимпиада чемпиондарын ұтып, шын мықтылар арасында шыңдалған Шермаханбетті Бішкектегі жеңілісіне бола тізімнен сызбаған дұрыс па еді?
Қанша дегенмен, Дін-Мұхамед Қошқар әлемдік жарыстарда ысылмаған, әлі жас балуан. Естуімізше, бапкерлер Алмат Кебіспаев пен Дін-Мұхамед Қошқар арасында белдесу өткізіп, соңғысы жеңіске жетіпті. Бұл жерде Кебіспаевтың бабына ене қоймағанын, жасы қырыққа жақындағанын және құрамада оған қырын қарайтын бапкерлердің көптігін ұмытпаңыз.
Біз не айтсақ та, бапкерлердің өз білгені бар. Оған федерация басшыларының да араласатынын ұмытпаңыздар. Бірақ кейбір балуандарға тағы бір мүмкіндік берсе деген тілек қалды іште.
74 келідегі Талғат Сырбаздың жайы тіпті бөлек. Ол туралы әлі талай жазатын боламыз.