
Париж-2024 Олимпиадасының жеңімпазы Лазизбек Муллажонов кәсіби бокста жетінші жекпе-жегін өткізеді, алайда оның допинг-тестілеудегі оң нәтижесін тергеу әлі аяқталмаған еді, деп хабарлайды Sportbugin.kz
11 маусым 2025 жылы алынған допинг-тестілеуде Муллажоновтан метастерон анықталған. Метастерон — бұл анаболикалық стероид, ВАДА толықтай тыйым салған зат. Спортшыдан екінші мәрте талдама жасатуға мүмкіндік берілген, нәтижесі расталса, антидопинг ережесін бұзу деп есептеледі.
Өзбекстан бокс федерациясының хабарлауынша, спортшы кәсіби мансабын жалғастырады.
“Біздің спортшы допинг ережелерін әрдайым қатаң сақтап келді және барлық тапсырған тесттері теріс нәтиже көрсетті. Алайда 11 маусымда жасалған допинг тестінің оң нәтиже беру себебі әлі анықталмаған. Дегенмен, бұл 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін Ферғана қаласында жасалған шаш трансплантациясы операциясы мен кейінгі емдеу кезінде қолданылған дәрілерге байланысты болуы мүмкін” дейді федерация.
Еске сала кетейік, Лазизбек 14 қазан күні Ташкенттегі “Хумо-аренада” кәсіби рингтегі жетінші жекпе-жегін өткізеді, алайда қарсыласы әлі белгілі емес.
Бишер Дильназ