Сары құрлық бәсекесінің соңғы күні жекелей және топтық жаттығулар бойынша Ташкенттегі Азия чемпионатында ақтық сайыстар өтті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Эльжана Таниева көпсайыстан және шығыршықпен жаттығудан Азия чемпионы атанып, Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Жекелей сында өнер көрсеткен Эльжана Таниева шығыршық (33.90) бірінші, таспа (31.05) төртінші, ұршық (30.80) бесінші, доп (32.60) жаттығуларында үшінші орын иеленді. Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Айбота Ертайқызы шығыршықпен (33.25) үшінші, таспамен (32.90) бірінші, ұршықпен (30.15) алтыншы, доппен жаттығуда (32.65) екінші орынға табан тіреді. Ал топтық бәсекеде еліміздің құрама командасы (Аяулым Кәдір, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Баян Қойбақар, Мария Корниенко, София Ан) бес шығыршық (32.10) пен екі доп, үш таспа жаттығуларында (29.65) қолаға қол жеткізді.
Айта кетейік, Азия біріншілігіне 17 елден 90-нан астам спортшы қатысты.