Бокстан Қазақстан құрамасы мамыр айында Астанада өтетін «Елорда кубогі» қарсаңында БАҚ өкілдеріне арнап ашық жаттығу жиынын өткізді. Команда капитаны Асланбек Шымбергенов ұлттық құрама сапында қарқынды дайындалығы туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Жаттығу жоғары деңгейде өтіп жатыр. Олимпиада алдында осындай жарыстар керек бізге. Жекпе-жекті сезінуіміз қажет. Өзім туралы айтар болсам, дайындығым жаман емес. Бапкерлеріміз де бағыт көрсетуде. Италиядағы лицензиялық турнирден соң қалпыма келдім. Желтоқсан айында өткен турнирде нокаут алған едім. Содан сабақ алып, қазір қорғанысты күшейтудеміз. Естеріңізде болса, іріктеу додасына Геннадий Головкин арнайы келіп, қолдау көрсеткен еді. Оның ақыл-кеңестері де жадымда тұр. Головкиннің берген кеңесі мен үшін алтыннан да бағалы. Қазіргі бар ойымыз — Астанадағы жарыста сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада ел намысын абыроймен қорғау», — дейді Шымбергенов.