Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Юрий Мельниченко Стамбулдағы іріктеу турнирін қорытындылап, әлемдік турнирлерде жиі көзге түскен Мейіржан Шермаханбетке неліктен соңғы мүмкіндік бермегенін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қырғызстан астанасында Мейіржан Шермаханбет белдесті. Ол Азиядағы үздік балуандардың бірі, өзбекстандық Аббос Атабековті жақсы жеңді. Бірақ жапондық балуаннан айла асыра алмады. Бұл салмақтағы жапондықтардың деңгейі өте жоғары. Мейіржан Азия ойындарында да Күншығыс елінің өкіліне есе жіберген еді.
Бішкек төрінде тағы бір жапонға жол берді. Қарсыласының жауырынын жерге тигізбек болғанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Өкінішті.
Егер Мейіржан Қазақстан чемпионатындағы басты қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп жүрсе, Стамбулдағы турнирге жіберуге болатын еді. Алайда, ол соңғы ел біріншілігінде өзінің негізі қарсыластары Алмат Кебіспаев пен Дін-Мұхаммед Қошқарды аз ұпай айырмашылығымен ұтты. Финалда, тіпті, Қошқардан ұтылып қала жаздады. Кілем сыртына шығып кеткені ғана жағдайды құтқарды.
Сондықтан, бұған қатысты сұрақ болмауы керек. Стамбулдағы турнир қарсаңында Дін-Мұхаммед пен Алмат арасында тартысты белдесу өтіп, аздаған басымдықпен Қошқар жеңді. Осылайша, ол соңғы іріктеу сайысына әділетті түрде аттанды», — дейді команда жетекшісі.
Еске салайық, грек-рим күресі шеберлері соңғы іріктеу сынында лицензиясыз қалды. «Классиктер» тек төрт салмақта Олимпиадаға қатысады.