Грек-рим күресінің өкілдері Дін-Мұхаммед Қошқар мен Юсуф Мациев Түркиядағы соңғы турнирде жеңіліп, лицензия ала алмады. Десе де, бас бапкер екі жас балуанның аяқ алысы көңілге сенім ұялататынын жеткізді, деп жазады ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Қошқардың әлемдік турнирде қола медаль алғаны – үлкен жетістік. Ол небары 21 жастағы спортшы. Бұл турнирде әлем және Олимпиада жүлдегерлерінен ғана жеңілді.
Ал Стамбулдағы жарыстың құрамын Бішкектегі балуандармен салыстыра алмайсың. Саны көп, сапасы да басым. Қырғызстандағы құрлықтық жарысқа айтарлықтай мықты балуандар келген жоқ.
Дін-Мұхаммед жасөспірімдер арасында жақсы көрініп, ересектер арасында өзін дәлелдей алған мықты балуан. Әлемдік турнирде алты кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, Өзбекстан, Румыния, Ресей және Қытай балуандарын ұтты. Жолдамаға бір қадам қалғанда ғана тоқтап отыр. Өте таланатты жігіт. Оған еш сұрағым жоқ.
Мациев болса, 20-дағы спортшы. Азия чемпионатын сәтті өткізді. Іріктеу турниріне дейін жағдайы жақсарған соң, жарысқа қостық. Еуропалық спортшыдан ұтылды, қарсыласы да қола медаль алды. Бұл екі жігіттің болашағы зор, аталған турнир екеуіне де үлкен тәжірибе болды», — дейді Мельниченко.