Жәмила Бақбергенова Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізе алмады, деп жазады Sportbugin.kz.
Әйелдер күресінен 72 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз қола медаль үшін өткен белдесуде жапониялық Махиро Еситакэге 4:6 есебімен есе жіберді.
Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатындағы жарыс жолын сәтті бастап, алғашқы екі белдесуінде жеңіске жеткен еді. Алдымен молдовалық Эмилия Кречунды 13:2 есебімен ұтса, ширек финалда украиналық Надия Соколовскадан 9:1 есебімен басым түсті.
Алайда жартылай финалда Қытай балуаны Зелу Лиге 2:4 есебімен жол берді. Осылайша, қазақстандық спортшы қола медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болғанымен, шешуші белдесуде де жеңіліс тапты.
Айта кетейік, әлем чемпионаттарының үш дүркін күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова биылғы әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтады.
