Бокстан Қазақстан ерлер құрамасында бір салмақ дәрежесінде ғана Париж Олимпиадасына жолдама жоқ. 24 мамыр күні Тайландта басталатын соңғы лицензиялық турнирге 63.5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы аттанды, деп жазады Sport+ арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бұл боксшы Италиядағы турнирге де қатысып, жолы болмаған еді, кейін Қазақстанда өткен ішкі іріктеуден үздік шығып, соңғы мүмкіндік те Базарбайұлына беріліп отыр.
«Лицензиялық турнирге тыңғылықты дайындық үстіндемін. Елорда Кубогы халықаралық турнирінің алдында ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынына кірістік. Бірақ турнирге қатысқандар үшін Астанадағы жаттығу аяқталғанымен, мен үшін бұл жиырма күнге жоспарланған жұмыс. Әрі Қарай Бангкокке аттанамыз. Бәрі ойдағыдай өтуде.
Салмағым бірқалыпты. Көп артық келі қумаймын, көбінесе бір салмақты ұстап тұруға тырысамын. Лицензиялық турнирде менің салмағымда әлі көп мықты қарсыластар жолдама алып үлгермеді. Оның ішінде Куба, АҚШ, Үндістан, Сербия және ел өкілдері бар. Италиядағы турнирде Болгария боксшысына есе жібердім, ол да Тайландта қайтадан бағын сынамақ», — деді Мұхамедсабыр.