Еркін күрестен Олимпиаданың қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Стамбулдағы соңғы іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуандар жайлы пікірін айтты. Бұл туралы Sport+ арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Бұл іріктеу турнирі ешкімге де оңай болған жоқ. Соңғы жарыс болғандықтан, әлемнің біршама мемлекетінен келген балуандар барын салды. Біздің спортшылардың да лицензия алатын мүмкіндігі болды. Әсіресе, Рахат Қалжан жолдамаға бір қадам қалғанда жеңіліп отыр. Қаншама азулы қарсыластарын оңай жеңіп келді де, америкалық спортшыға келгенде тісі батпады.
Меніңше, Рахаттың жеңілісіне психологиялық қысым себеп болған сияқты. Қанша дегенмен, ең соңғы турнир, ең соңғы мүмкіндік екені адамның миында тұрады. Мұндай кезде спортшылармен сауатты психологтардың жұмыс істегені дұрыс. Балуандарымыз, оның ішінде, Рахат Қалжан жауапкершілік жүгінен «жанып кетті» деп ойлаймын.
65 келідегі Адлан Асқаровтың да жолы болмады. Көпшілік бұл салмақта Майс Әлиев баруы керек еді деп айтуда. Майстың күресі маған да ұнады. Жақсы балуан өсіп келе жатыр екен. Негізі, Бішкекте және Стамбулда өткен іріктеу турнирлерінде күрескен балуандарымыздың деңгейі бірдей. Ешкімді бөліп-жармаймын. Сол себепті, бапкерлер дұрыс таңдау жасады»,- деді Таңатаров.