ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшылары Олимпиадалық даярлау орталығының аумағында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
23 мамыр күні Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшылары Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының жұмысымен танысты. Мәртебелі меймандар қатарында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин және Ресей Федерациясының, Иран ислам Республикасының, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан Республикаларының Туризм және спорт министрлері мен өкілдері бар.
Олимпиадалық даярлау орталығы ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналады. Оның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай салынған. Спорт нысанында бір уақытта 2300 спортшы шыныға алады. Мұнда спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалары даярланады.
Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Туризм және спорт министрі, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшылары Олимпиадалық даярлау орталығының аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Ванкувердегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева, Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы Милад Карими, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпиондары Ермахан Ибраимов пен Ольга Шишигина, сондай-ақ күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, 2021 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Софья Берульцева мен Елдос Сметов құрметті қонақтарға спорт алаңдарын таныстырып, ерекшеліктерін жеткізді.