Қазақстандық спортшы Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс медалімен марапатталды, деп хабарлайды Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі.
Марапат Лимада (Перу) өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында салтанатты түрде табысталды. Спортшы медальді Перуде Халықаралық Олимпиада комитетінің құрметті мүшесі Иван Дибостың қолынан алды.
«Перудегі әлем чемпионатына келгенімен қуаныштымын. Маған Олимпиада медалін табыстады. Қазіргі сезімдерімді сөзбен жеткізу қиын. Федерацияға, мені марапаттаған ХОК мүшесіне алғыс айтамын. 2012 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғаныма қуаныштымын. Бұл менің мансабымдағы ең үлкен жеңіс. Жүлде табыстау сәтін ұйымдастырғаны үшін көп рахмет. Жас спортшыларға табыс, төзім және сәттілік тілеймін», — деді Анна.
Айта кетейік, Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшысы 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бесінші орыннан көрінді. Алайда, қайта тексеруден кейін марапаттар қайта бөлінді. Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецтің тыйым салынған препараттар қолданғаны анықталды. Олардың нәтижелері жойылып, Нұрмұхамбетова ресми түрде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
2020 жылы Лондонда екінші орын иеленген румын спортшысы Роксана Кокоштың сынамасынан да допинг табылғаны белгілі болды. Ол күміс жүлдесінен айырылды және Лондонда көрсеткен нәтижесі жойылды.
Жүлделерді қайта бөлгеннен кейін Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күмісіне қол жеткізді. Қола медаль колумбиялық Убальдина Валлеске бұйырды.