Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы көшбасшыларының бірі Назым Қызайбай Таиландта өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирін сәтті бастады, деп жазады Sportbugin.kz.
50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай бірінші жекпе-жегінде словакиялық Николь Дурикованы жеңді.
Назым қарсыласын екі рет нокдаунға жібергендіктен, шаршы алаңдағы төреші кездесуді тоқтатты.
Осылайша, Назым Қызайбай турнирдің екінші айналымына жолдама алды.
«Бұл әлі қуанатын жағдай емес. Алда әлі жекпе жектер бар. Бірінші кездесу болғандықтан, алғашқы раундта қарсыласты зерттеп, күшті екінші раундқа салдым», — деді Назым кездесуден соң.
Айта кетелік, Назым Ханчжоудағы Азия ойындарында жеңіліс тауып, Италиядағы іріктеу сынынан сырт қалған болатын.
Бұл оның Олимпиадаға баратын соңғы мүмкіндігі.