Грек-рим күресінен Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Мейіржан Шермаханбет 72 келі салмақта әлем чемпионатына қатысатын ойы барын айтты. Бұған қатысты бас бапкер жауап берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Олимпиада өтетін жылы күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткізілмейтін. Алайда, 2016 жылы Олимпиада бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша әлем біріншілігі ұйымдастырылды.
UWW биыл да бұл бәсекені қолға алмақ. Олимпиада бағдарламасына енбейтін еркін күрестен 61, 70, 79, 92 келіде, грек-рим күресінен 55, 63, 72 және 82 келіде әлем чемпионаты жалауын көтереді.
Осы орайда, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко өз ойын айтты.
«Иә, биыл Олимпидаға енбеген салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты өтеді. Оған қатысатын құрама әлі жасақталған жоқ. Әлем чемпионатына дейін балуандар Польшадағы халықаралық турнирге қатысады. Сол сында барлық балуанның әуселесін байқаймыз», — деді бас бапкер.
Әлемдік жарысты Албания астанасы Тирана қабылдамақ. Чемпионат 28-31 қазан аралығында өтеді.