Өзбекстанда туылған этникалық қазақ Аман Қонысбеков Қазақстанға көшіп келуінің басты себебін және басты мақсаттарын атады, деп жазады Sputnik сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Аман Қонысбеков Өзбекстанның Навои облысында дүниеге келген. Отбасында төрт бала бар. Әкесі – көлік жүргізуші. Анасы жергілікті емханада медбике болып істейді.
«Біз үйде төрт ағайындымыз, екі әпкем, бір ағам бар, кенжесі – мен. Екі әпкем тұрмыста, ағам да көлік жүргізуші. Олар Өзбекстанда, ауылда қалды. Бізде екі-үш жылдан бері көшеміз деген ой болған. Қазақстанның қай облысына баратынымызды да талай рет талқыладық. Енді көшті мен бастап тұрмын ғой. Осында жағдайды жасап алғаннан кейін үйдегілерді көшіріп алуым керек. Бұл – негізгі мақсатым», — дейді ол.
Аманның ағасы бұрын бокспен айналысқан. Үйдің кенжесі де осы спортпен шұғылданып жүріп, спорт мектебіне қабылданған. Оны бітіргеннен кейін Бұқарадағы университеттің спорт факультетіне түсті.
Өзбекстаннан көшуге бокс себеп болды ма?
Аман әуелде қобалжу болғанын да жасырмады. Бірақ боксшының өнерін байқаған Қазақстандағы туысқан ағасы оған демеу болып, атамекеніне тездетіп көшуіне ықпал етіпті.
19 жастағы Аман Қонысбеков биылдан бастап Қазақстанның намысын қорғауға шешім қабылдады.
«Бұл жақта Исатай Ізбасаров деген туысқан ағам бар. Сол кісі менің демеушім, осында алып келді, өз үйіне алды. Барлық жағдайымды жасап берді. Жалғыз өзім келсем, не жұмыс істеу керек, не бокспен айналысу қажет болушы еді. Ал екеуін бірге алып жүру қиын. Исатай ағам бапкерге де алып барды. Қазір Түркістан облысының атынан шығып жүрмін», — дейді спортшы.
Өзбекстандағы бапкерлер бас кезінде қарсы болған. Бірақ Аман алған бетінен қайтпады.
«Менің көшуіме бокс қана себеп емес. Туыстардың ішінде Өзбекстанда біз ғана қалдық, барлығы Қазақстанда. Бізге де көшу керек дедім. Сөйтіп, ол жақтағы бапкерлерім келісті, батасын да берді. Ал Қазақстанның ұлттық құрамасында мені өте жақсы қабылдады. Ауызбіршілік сезіледі, сыйластық мол. Мені бөліп жарған жоқ, бірден бауырымыз келді деп, жақын тартты», — деп атап өтті Қонысбеков.
Аман әке-шешесін Астанаға көшіріп алғысы келеді. Бірақ әкесі Түркістанды қалап отыр. Себебі туысқандардың барлығы сол жақта.
Жоспар қандай?
Аман Қонысбеков алдымен Қазақстан чемпионатында топ жаруды жоспарлап отыр.
«71 келі ең үздік салмақ қой, ол жерде бәсеке жоғары. Енді бәрі Алланың қалауымен ғой, барымызды салып бокстасамыз. Маңдайымызға жазылған болса, жеңіп шығамыз», — дейді жас спортшы.
Аман Олимпиаданы да армандайды. Одан кейін кәсіби боксқа ауысуды көздеп отыр.
«Негізі менің стилім кәсіби боксқа көбірек келеді. Соған ауысатын ойым бар. Бірақ алдымен әлем чемпионаттары мен Олимпиаданы алу керек. 2028 жылғы Лос-Анжелес Олимпиадасына баруға тырысамыз», — деп атап өтті Қонысбеков.