Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Айдос Сұлтанғали Олимпиадаға баратын мүмкіндікті 15 жыл күткен. Бұл туралы ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Грек-рим күресінен екінші сыныптан бастап шұғылданып келем. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды, Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттім. Иә, түрлі қиындықтар болды. Спорт болған соң, өмір болған соң, бұл заңды да…
Шыны керек, осы Олимпиаданы 15 жыл күттім. Қандай қиындық кездессе де, мойығаным жоқ. Өйткені, менің Олимпидаға қатыссам, Олимпиадада топ жарсам деген тәтті арманым бір сәтке де ойымнан шыққан емес. Бәрінің сәті биыл туып, Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жеңіске жеттім.
Тағы да қайталап айтам, мен түбі Олимпиадаға баратыныма сенгенмін», — деді Айдос.
Айта кетелік, Айдос Сұлтанғали Бішкекте өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын еншілеген болатын.