Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Париж Олимпиадасына қатысатын балуан тізімі еш өзгермегенін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Құрамда еш өзгеріс жоқ. 97 келі салмақта Париж Олимпиадасына Әлішер Ерғали барады. Жолдаманы кімдер жеңіп алды, солар барады. Яғни, Азамат Дәулетбеков (86 келі) пен Юсуп Батырмұрзаев (125) та жазғы ойындарда күреседі.
Қазір Олимпиада қарсаңындағы соңғы жаттығу жиындары өтуде. 1-15 шілде аралығында Дағыстанның Махачкала аймағында жаттығу жиынын өткіземіз», — деді бас бапкер.
Айта кетелік, жанкүйерлер арасында 97 келіде Олимпиадаға Ризабек Айтмұхан баруы мүмкін екендігі айтылған болатын. Бас бапкер бұл пікірді жоққа шығарды.
Ақпанда өткен Қазақстан чемпионатында Әлішер Ерғали 14:10 есебімен Ризабек Айтмұханды жеңген болатын.
Ал Ризабек былтырғы әлем біріншілігінде 92 келі салмақта чемпион атанды.