Отандық грек-рим күресінің шеберлері Париж Олимпиадасына үш жолдама жеңіп алды. Оның бірі — 60 келі салмақтағы Айдос Сұлтанғалидің еншісінде. Айдос Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде үздік шықты. 28 жастағы балуан өзінің тұңғыш Олимпиадасына қызу дайындалуда. Ал біз Сұлтанғали мен оның қарсыластарына шолу жасап көрмекпіз, деп жазады Қазақстан ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Айдостың аты күрес әлемінде ерте танылды. Ол 22 жасында Будапештте (2018) өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2021 жылы Олимпиада қарсаңында Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Десе де, талантты балуан Токио Олимпиадасынан сырт қалып, өзінің командаласы әрі қарсыласы Мейрамбек Айнағұловқа жол берді. Бірақ бұл да Айдостың сағын сындырмады. 2022 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында Сұлтанғали кезекті рет қола медаль иеленіп, өзінің әлем үздіктері қатарына енетінін дәлелдеді.
2023 жылы Айдос қатысқан басты жарыстардың бірі Ханчжоудағы Азия ойындары болған. Өкінішке қарай, аталған сында біздің балуан қола медаль үшін күресті ұтылып, бесінші орынды қанағат тұтты. Ал Олимпиаданың алғашқы лицензиялары ойнатылған Белградтағы (Сербия,2023) әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы мүлде медальсіз һәм жолдамасыз қалған еді. Содан соң, Сұлтанғали лицензиялық турнирге қатысатын балуандарды анықтаған ел чемпионатында топ жарып, Қырғызстан астанасы Бішкектегі іріктеу сынына қатысу мүмкіндігін алды.
Сәуірде өткен лицензиялық турнирде Айдос Сұлтанғали айтарлықтай қиындықсыз Олимпиада жолдамасына иелік етті. Бүгінде ол ұлттық құрама сапында жазғы ойындарға қарқынды дайындалуда.
Париж бозкілемінде Айдосқа кімдер қарсы шығады?
2020 жылғы Токио ойындарының чемпионы, кубалық Луис Орта Санчес 67 келіге ауысып кетті. Ендеше, бұл салмақтың сөзсіз көшбасшысы әрі басты қаһарманы – қырғыз күресінің жұлдызы Жоламан Шәршенбеков. Жоламан екі дүркін әлем чемпионы (2022,2023), әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері (2018, 2021). Соңғы үш жылда өткен Азия чемпионаттарында Жоламанға тең келер ешкім болған жоқ. Сондай-ақ, ол әлем кубогі мен Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. 2022 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Айдос тап осы Шәршенбековке есе жіберген еді.
Жапондық Кэнитиро Фумита да жеңіл салмақтағы жампоздардың бірі. Тәжірибелі балуан әлем чемпионаттарында екі рет топ жарған (2017,2019). Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы (2017, 2020).
Өзбекстандық Исломжон Бахромовтың Парижде Олимпиада жүлдесіне таласатыны анық. Ол 2019 жылғы Азия чемпионы, Азия біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері. Былтырғы әлем чемпионатында Бахромов өзінің алғашқы медалін — қола жүлдесін иеленді.
Мұрад Мамадов Әзербайжан атынан сынға түсетін шебер. Ол 2024 жылы Еуропа чемпионы атанған. Одан бөлек, еншісінде құрлық додасының бір күміс, бір қоласы бар. Әлем чемпионатының күміс (2023) және қола (2021) жүлдегері.
2021 жылғы әлем чемпионы, 2018 жылғы әлемдік сынның күміс жүлдегері әрі Еуропа чемпионы (2019), молдовалық Виктор Чобану да кез келген балуанға қиындық тудыратыны анық.
2023 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған қытайлық Цао Лигоны да есептен шығаруға болмайды. Цаоның еншісінде былтырғы Азия біріншілігінің қоласы да бар.
Еуропа және әлем чемпионаттарының жүлдегері, түркиялық Энес Башар да 60 келіде жүлдеден үмітті балуан. Башар отыздан асқан тәжірибелі спортшы және ол күрестегі жетістіктеріне 63 келі салмақта қол жеткізді. Бірақ ол Олимпиада қарсаңында салмақ ауыстырып, Бакуде өткен еуропалық іріктеу сынында жеңіске жетті.
Тағы кімдер қауіпті? Кевин де Армаш (Куба, Панамерика ойындарының жүлдегері), Мехди Мохсеннеджад (Иран, Азия чемпионатының жүлдегері), Абделькарим Фергат (Алжир, Африканың төрт дүркін чемпионы).
Олимпиадаға қатысқан әрбір балуанның жүлдеден үміті бар. Олар жылдар бойы жиған тәжірибесі мен еңбегінің жемісін көруге тырысады. Айдос Сұлтанғали да күрестегі ең үлкен арманын орындау үшін аянып қалмайды деп сенеміз.