Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған ресейлік Станислав Черчесов баспаөз мәслихатында өзіне қазақша сұрақ қойылғаны үшін ашуға булықты, деп жазады Sportbugin.kz.
Баспасөз жиынына Станислав Черчесов пен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қатысқан. Мәслихат кезінде белгілі журналист Нұрсұлтан Құрман қазақ тілінде екі рет сұрақ қояды. Бұл ресейлік маманға ұнамай қалды.
«Неге орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілімде жауап берсем не болады? Бірақ ол кезде ешкім түсінбейді. Осының алдында қазақша сауалыңызды Федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді», – деді ресейлік бапкер.
Бұл отандық футбол жанкүйерлерінің ашуына тиді. Сәкен Сыбанбай бастаған беделді журналистер Станислав Черчесовтің халықтан кешірім сұрауын талап етіп, келесі баспасөз жиындарында аудармашы алып жүру керектігін ескертті.