Қарағандыда дзюдодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Төрт күнге созылған тартысты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 521 жас татами шебері қатысты.
Қазақстан чемпионатының жекелей жарыстарында ұлдар – жеті, қыздар жеті салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Жекелей жарыстар нәтижесі бойынша Қарағанды облысы (3 алтын, 1 күміс, 2 қола) жалпы командалық есепте медаль кестесінде көш бастады. Ақтөбе облысы (3 алтын, 2 қола) екінші орынға жайғасса, Алматы қаласы (2 алтын, 2 күміс) үздік үштікті түйіндеді.
Ел біріншілігінің соңғы күнінде спортшылар аралас-командалық жарыста бақ сынады. Ааралас-командалық чемпионатқа 15 команда қатысып, Қарағанды облысының құрама командасы топ жарды. Финалға шыққан Жетісу командасы аралас-командалық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал қос қола жүлдеге Түркістан облысы мен Алматы қаласының құрама командалары ие болды.
Айта кетерлігі, аталған жарысқа 2004-2006 жылы туған жастар қатысты. Қазақстан чемпионаты нәтижесінде 2024 жылғы спорт маусымына дзюдодан Қазақстан жастар құрама командасы жасақталады.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры