Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасына қатысатын ұлттық құраманы қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты.
Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
«Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды.
Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көк байрағын ту ұстаушылар — боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға табыстады.
Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.