Париждегі Олимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен отандық «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы құрамаға қолдау көрсету мақсатында коллаборация жасады. Бұл туралы ҰОК сайты хабарлайды.
Серіктестік аясында әйгілі қазақстандық шоколадтың шектеулі партиясы шығарылды. Кондитерлік өнімнің қаптамасы Париждегі Олимпиада ойындарына арнайы дайындалған спорт тақырыбындағы өзіндік дизайнмен әрленген.
«Біз үшін спортшыларымызды барлық ірі жарыста қолдаудан бөлек, еліміздің мәдениеті мен қонақжайлылығын әлемге дәріптеу де маңызды.
Атлеттеріміз жарыста үнемі өзімен алып жүретін дәстүрлі сыйлық — қазақстандық шоколад Олимпиада қарсаңында арнайы жаңа қаптамаға оралды.
Біздің «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасымен бірлесе жасаған бұл коллаборациямыз ұлттық брендімізді халықаралық алаңда танытып қана қоймай, өзге елдермен достық қарым-қатынасты нығайтарына да сенімдімін.
Өйткені, Олимпиада ойындары ең алдымен бар әлемді біріктіретін алаң», — деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.
«Олимпиадалық» шоколадтың арнайы партиясы ел құрамасымен бірге Парижге аттанады. Спорттық делегация өкілдері шоколадты өзге ел қатысушыларымен бөлісу арқылы оларға әйгілі қазақ қонақжайлылығының бір бөлігін көрсетпек.
Фото: ҚР ҰОК