Париж Олимпиадасында киетін ұлттық формасы спортшыларымыздың көңілінен шығып, қызығушылықтарын оятқан. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп айтты, деп хабарлайды «Қазақпарат».
«Әрине, бірден ұнатты, көңілдерінен шықты. Себебі – форма өте сапалы материалдан, спортшыларымызға ыңғайлы етіліп тігілген. Олимпиада ойындары тұсында Париж қаласы өте ыстық болуы мүмкін. Сол себепті біз киімнің матасына ерекше назар аудардық. Ыстықта ауа өтетіндей, терлегенде денеге жабысып, жүріп-тұрғанда тырысып қалмайтындай өте жеңіл, денеге барынша ыңғайлы матаны таңдадық.
Дизайынын да осыған дейін таныстырғанда өздеріңіз көрдіңіздер. Тігісі де өте сапалы шықты. Содан да болар форманы алған спортшыларымыз өте жоғары деңгейде бағалап, разылықтарын білдірді.
Тіпті, «мына форманы киіп барып, жүлдесіз келу мүмкін емес» деп айтып жатыр. Лайым, солай болғай, жетістігіміз көп болсын деп тілей берейік…
Парадтық форманың жеңін арнайы қысқа қылып тіктірдік. Себебі, Парижде ауа райы өте ыстық болатындықтан біз солай шешім қабылдадық. Ең бастысы ұлттық формамыз спортшыларымызға ұнады»,- деді Ахметшәріп.
Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстанның туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова алып шығады.