Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жек алдында денсаулығы сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шыққаны белгілі. Салмақ қуып, ағзасы әбден зорыққан қазақ боксшысы енді кемі 2-3 ай емделеді. Ал, 1bol.kz тілшісіне сұхбат берген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов мұны кәсіби деңгейдің төмендігінен деп отыр.
– Жәнібек Әлімханұлымен болған жағдай жанкүйерлерді есеңгіретіп қойды. Тәжірибелі боксшы мұндай күйге қалай түсіп жүр?
– Өте өкінішті және сорақы жағдай. Жәнібек кәсіпқой боксқа кеше келген жоқ. Екі бірдей белбеудің иесі. Ереже бойынша чемпион атанған боксшы атағын бір жылдың ішінде қорғауы керек. Неге бұлай болғанын мен де түсіне алмай тұрмын, естігенде таңғалдым. Кім біледі, ауырып, салмағын қалыпта ұстай алмай қалды ма екен, жанында жүрмеген соң бірдеңе деп айту қиын.
Олимпиадалық құрамадағы боксшы төрт жыл бойы өз салмағын бақылап, соған дайындалып жүреді, кәсіпқой бокста да бәрі сол талапқа бағынады. Яғни, бұл кәсіби деңгейдің төмендігін көрсетеді. Бірақ қазір әлемде вирус көп, соның бірін жұқтырып алды ма екен деген қауіп бар. Жәнібектің өзі мән-жайды түсіндіріп айтар деп үміттенемін.
– Жәнібек танымал проуметерлік компаниямен жұмыс істейді, командасы бар, оның денсаулығын, бабын кім қадағалауы керек еді?
– Негізі кәсіпқой боксшылар жекпе-жекке 100 күн қалғанда арнайы лагерьде жаттығады. Салмақ қуу сол кезде кезең-кезеңімен жүзеге асады. Тіпті, әуесқой бокстың өзінде салмақты үш ай бұрын қуып бастайды. Оны тәжірибелі боксшылардың бәрі біледі. Ол жас бала емес, тәжірибесі мол боксшы. Өзіндік рекорды бар, үздік ондыққа кіреді.
Шынымды айтсам, чемпиондық жекпе-жек алдында қарсыластардың бірі салмақ жасай алмай, есінен танып қалды дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Бәлкім болған да шығар, бірақ өз басым естімеппін. Жарақат алып қалса, түсінікті еді, жаттығу кезінде ондай жағдайлар жиі болады. Бірақ ағзадағы су деңгейі түсіп кетіп, боксшы ауруханаға түсті деген таңғаларлық жағдай екен. Егер ауырған болса, оны неге ертерек айтпады?!