Күрес түрлерінен олимпиадалық деңгейдегі екі төрешіміз жазғы ойындарда жұмыс істейді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай, деп жазады ҚР ҰОК ресми сайты.
Ерік Жұмабеков төрт әлем чемпионатында төрелік еткен. Тәжірибелі маман Олимпиадада алғаш рет қазылық жасайды.
«Мен халықаралық дәрежедегі төреші атағын 2009 жылы лдым. Содан соң, үшінші, екінші және бірінші дәрежелі төреші атану үшін түрлі емтихан тапсырып, бүгінгі жетістікке жеткен жайым бар. 2018 жылы Таиландта олимпиадалық төреші атағын сәтті қорғадым.
UWW күрестен Парижде қазылық ететін мамандарды түрлі жарыстарда сынап көрді. Алдымен Олимпиада қарсаңындағы Азия чемпионатында бақылады.
Кейін Сербиядағы лицензиялық әлем чемпионатында әлеуетімізді байқады. Сол әлем біріншілігінен соң төрешілерді сары, қызыл және жасыл топқа бөлді. Ең үздіктер жиналған жасыл топқа Игорь Лигай екеуіміз бірден өттік.
Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінен соң жақсы қызмет еткен 70 төрешіні Стамбулдағы (Түркия) әлемдік іріктеу турниріне қатыстырды.
Міне, қорытынды шешім сол жарыстан соң қабылданып, елу маман Олимпиадаға қазылық етуге таңдап алынды. Солардың қатарында біз де бармыз», — дейді Жұмабеков.
Ерік Жұмабеков 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған.
«Олимпиадаға қатысатын балуандар сынды, біз де үнемі бабымызда жүреміз. Дайындаламыз, білгенімізді ой елегінен тағы өткіземіз.Үнемі бабыңда болмасаң, кілемдегі жағдайға ілесе алмай қаласың. Олимпиада қарсаңында тағы бір жарыста төрелік етсем деген ойым орындалмады.
Енді жаттығу кезінде балуандарды күрестіріп, соларға төрелік ету арқылы бәрін қаперде ұстап жүрміз.
Айтпақшы, өткен айда Грекияның Афина қаласында UWW ұйымдастыруымен төрешілер семинары өтті. Сол жерде Парижде жұмыс істейтін елу төреші түгел бас қосты. Бұл семинардың да бізге бергені мол болды.
Бүгінге дейін талай әлемдік күрес жұлдыздарының белдесулерін төрелік еттім. Олардың ішінде Джордан Барроуз, Заурбек Сидаков, Кайл Снайдер, Баджранг, Хасан Яздани, Хамид Сурияндар бар», — дейді төреші.