Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Айбек Имашев ұлттық құраманың Париж қарсаңындағы соңғы дайындығы жайлы пікірін бөлісті, деп хабарлайды ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Дзюдодан Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы дайындық кезеңдерін өткізуде. 30 маусым мен 7 шілде аралығында ерлер және әйелдер құрамасы Испанияда бірлескен жаттығу жиынына қатысты.
18 шілдеге дейін ұлттық құрама мүшелері Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
18 шілде күні Францияға аттанады. Сол жақты соңғы дайындықтарын пысықтап, 24 шілдеде олимпиадалық ауылға орналасады. Қазіргі таңда Парижде белдесетін спортшыларымыздың спарринг серіктестері де бар. Олар да Парижге ұшып барады. Спортшылар жарақаттан дін аман, барлығы жоспар бойынша өтіп жатыр», — деді Айбек Имашев.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы сапынан Париж Олимпиадасында 8 спортшы өнер көрсетеді.