Батыс Қазақстан облысының күрес федерациясы Азия ойындарының қола жүлдегері Зейнеп Баянованы Оралда ерекше құрметпен қарсы алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Сары құрлық додасында ел намысын абыроймен қорғап, жүлдеге қол жеткізген балуанға жергілікті күрес федерациясының өкілдері арнайы құрмет көрсетіп, ыстық ықыласын білдірді.
Зейнеп Баянова қарсы алуға келген жандарға алғысын білдіріп, Азия ойындарындағы әсерімен бөлісті.
«Азия ойындары оңай болған жоқ. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Осындай бәсекеде медаль алғаныма өте қуаныштымын. Азиаданың атмосферасы ерекше болды. Тұғырда тұрған сәтте қуандым.
Оралда мені өте жақсы қарсы алды. Жергілікті федерацияға алғысымды айтамын. Өздері күрескендей мен үшін бірге қуанды. Маған қолдау көрсеткендеріне рақмет айтамын.
Қазір әлем чемпионатына дайындықты бастап кеттім.
50 келі салмаққа жақында ауыстым. Бұл салмақтағы қарсыластардың қай-қайсысы да мықты. Әлем чемпионатының Астанада өтетіні де жауапкершілікті арттырады. Медальға ілігетініме сенімдімін. Барымды саламын», — деді Зейнеп Баянова.
Айта кетейік, Астанада өтетін күрестен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін маңызды дода болмақ. Өз жерінде бақ сынайтын Зейнеп Баянова Азия ойындарындағы жүлдесін әлем чемпионатында да жоғары нәтиже арқылы жалғастыруды көздеп отыр.
