Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған боксшы Саят Ілиясовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы бұйрық шықты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін спортшы тоғыз айдан бері азаматтық ала алмай жүргенін айтқан еді. Құжат рәсімдеуге байланысты туындаған қиындықтардың салдарынан ол жуырда өткен Қазақстан чемпионатына да қатыса алмады.
Бұл мәселеге қатысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте пікір білдірді.
«Азаматтық алу мәселесі заңнамада қарастырылған рәсімдер. Әр азамат осы талаптардан өтуі керек. Дегенмен өз тарапымыздан көмектесуге, қолдау көрсетуге дайынбыз. Шетелден келген азамат ретінде оған қажетті көмек көрсетеміз», — деді Мырзабосынов.
Айта кетейік, Саят Ілиясов Өзбекстан құрамасы сапында халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсеткен. Ол 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2025 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия біріншілігінде топ жарды. Аталған жарыстың финалында 60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Илья Калининнен басым түсті.
Қазіргі таңда боксшы Маңғыстау облысының атынан 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
