Спорт сарапшысы Айдар Шәрібаев Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының нәтижелеріне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Дакарда өтіп жатқан Олимпиаданың жекпе-жектерін өзім көрген жоқпын. Бірақ естуімше, қазіргі нәтижелеріміз қуанып, мақтанатындай деңгейде емес. Бұл — резервтің дұрыс еместігін көрсетеді.
Мен бокстағы кемшіліктердің барлығы жүйенің дұрыс еместігінен деп айтып жүрмін және айта беремін. Бокс федерациясы қалыптасқан жүйені 100 пайыз өзгерте алмауы мүмкін. Бірақ ең болмаса 30 пайызға өзгертсе де жақсы. Әйтпесе, бұрынғы жартас — сол жартас болып қала береді», — деді ол.
Айта кетейік, Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан атынан үш боксшы қатысты. Бибарыс Әшірбай мен Ақнұр Тұрсынғали күміс жүлдеге ие болса, Марал Төлепберген қола медаль жеңіп алды.
