Әлемдік күрес жұлдыздары Астана төрінде белдеседі. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі Wrestling Stars турнирі биыл тағы да мықтылардың басын қоспақ, деп жазады Sportbugin.kz.
Турнир идеясының авторы, Қазақстан күрес түрлері федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, Астана төрінде әлемдегі ең үздік деген еркін күрес шеберлері бақ сынайды.
Атап айтар болсақ, екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Франк Чамисо елорда бозкілемінде белдеседі. Тегі кубалық саналатын спортшы ұзақ жылдар бойы Италия намысын абыроймен қорғап келеді.
Одан бөлек, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, албаниялық Черман Валиев те Wrestling Stars турнирінің бас жүлдесіне таласпақ.
Еркін күрестегі беделді салмақ саналатын 74 келіде әлем мықтыларына бәсекелестік танытатын тағы бір балуан бар. Ол — екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола, Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов. Ұзақ уақыт күрестен қол үзіп қалған балуан Астана төрінде өз өнерін паш етеді.
Сондай-ақ, еркін күрестен Азия чемпионы Санжар Досжанов әлемдік турнирде бақ сынайды.
Wrestling Stars турнирі еркін күрестен 8 салмақ дәрежесінде өтеді. Турнирдің мақсаты – күрес түрлерін кеңінен насихаттап, олимпиадалық спортты дамытуға күш салу.
Wrestling Stars бәсекесі 29 қараша күні Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде өтеді.