Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Ақтөбеде өткен ел чемпионатының нәтижелерін қорытындылап, Olympic.kz сайтына сұхбат берді. Ол күтпеген нәтижелер, Олимпиада-2024 жеңімпаздары Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың оралуы туралы және жаңа маусымға құрамды қалыптастыру жайында айтып өтті.
Ақтөбеде кім таңғалдырды?
Бұл чемпионатта күтпеген нәтижелер болды, әсіресе 60 және 73 келі салмақ дәрежелерінде. Сондай-ақ, 66 келі салмақта да кейбір көшбасшылар жеңіліп қалды. Бірақ бұл жағдайда жарақаттардың тигізген әсері байқалады.
Мені ерекше таңғалдырған 60 келі салмақта жеңіске жеткен жас жігіт Нұраділ Әлжан. Ол өте жақсы күресті. Финалда біздің көшбасшыларымыздың бірі саналатын Мағжан Шамшадинді еш қиындықсыз жеңді. Бұл көпшілік үшін таңқаларлық жағдай болды.
Сонымен қатар Есет Қуановты атап өткім келеді. Ол 73 келі салмақ дәрежесіне ауысты. Бұған дейін 66 келіде өнер көрсеткен еді. Ол осы турнирде өз нәтижесімен қуантты. Өткен жылы 66 келіде жеңімпаз атанған еді. Енді 73 келіде алтын медаль жеңіп алды. Бұл өте жақсы жетістік. Жарайсың!
Басқа салмақ дәрежелерінде бәрі күткеніміздей болды. Қуантатыны – жас жігіттердің көпшілігі өзін жақсы қырынан көрсетті. 66 келі салмақта біздің тәжірибелі дзюдошымыз Ержан Ереңқайыпов бірінші орынға шықты. Ол өз шеберлігімен тәнті етті.
Жалпы, чемпионат өте жақсы өтті. Ұйымдастырушылар жоғары деңгейде жұмыс істеді. Осындай турнирді өткізгені үшін Ақтөбе облысына алғысымды білдіремін.
Жансай Смағұлов қайда және Ерлан Серікжановтың татамиге оралуы қалай болды?
Жансай Смағұлов бұл турнирде күреспеді. Ол бапкерлік қызметке ауысты. Себебі Жансай жарақат алған еді, толық емделіп үлгермеді.
Ал Ерлан Серікжанов татамиге қайта оралып, күшін сынап көрді. Дзюдошы ұзақ уақыт бойы жарыстардан тыс қалды. Қазіргі күрес пен жылдамдық бұрынғыдай емес екенін байқадық. Оның үстіне, ол жарыстардан қол үзген кезде дзюдода ережелер өзгерген еді. Бұл спорт үнемі дамып, алға жылжып отырады.
Қазақстан командасының жаңа маусымға арналған құрамы қалай анықталады?
Команда құрамы ел чемпионатында үздік үштікке кірген спортшылардан жасақталады. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатына қатысудан босатылған дзюдошылар да негізгі құрамға енеді. Олар – Ғұсман Қырғызбаев, Елдос Сметов, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан. Бұл спортшылар негізгі құрамда болатыны анық.
Бұдан бөлек, ел чемпионатын үшінші орыннан төмен, бірақ жетінші орынға дейін аяқтаған спортшыларға да мүмкіндік берілмек. Осылайша, командада өзгеріс болуы мүмкін.
Сметов пен Қырғызбаев татамиге қашан оралады?
Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев келесі жиыннан бастап командаға қосылады. Олар біртіндеп жаттығуға оралып жатыр. Жаттығу жиыны 9 қаңтарда Астанада басталады.
Токиодағы Grand Slam турниріне қатысатын құрам дайын ба?
Жапонияда өтетін Grand Slam турниріне қатысатын құрама әлі нақты бекітілген жоқ. Қиындықтар бар, оның ішінде спортшылардың жарақат алуы да ескерілуде. Біз өтінім бердік, бірақ кейбір дзюдошылар жарақат алғандықтан, оларды ауыстыру қажет болды. Бұл мәселе жақын арада шешіледі.