Таиландта өткен Азия чемпионатында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жек нәтижесіне қайта қарау жүргізіліп, Абылайхан Жүсіповтың жеңісі әділ түрде мойындалды, деп жазады Sportbugin.kz
Мұның себебі – Өзбекстандық спортшы Хавасбек Асадуллаевтың ереже бұзуы. Ол жекпе-жек барысында қарсыласын тістегені анықталды. Осыған байланысты ішкі техникалық ережелерге сәйкес, Хавасбек Асадуллаев жарыстан толықтай шеттетіліп, оның медалі мен сыйақысы қайтарылды. Ал Абылайхан Жүсіпов әділ шешімнің нәтижесінде өз салмағында Азия чемпионы атанды! Осылайша, құрлықтық чемпионаттың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына 10 алтын медаль түсті.